Министерство образования и науки Республики Казахстан Комитет науки

ИНСТИТУТ ВОСТОКОВЕДЕНИЯ
ИМЕНИ Р.Б. СУЛЕЙМЕНОВА

ҚАЗ РУС ENG

Көшім Лекерұлы Есмағамбетов (1938–2016)

Көшім Лекерұлы Есмағамбетов (1938–2016)
Көшім Лекерұлы Есмағамбетов (1938–2016) 

 Көшім Лекерұлы Есмағамбетов, тарих ғылымдарының докторы, профессор. 1965 жылы П. Лумумба атындағы Халықтар достығы университетін тарихшы және ағылшын тілінің аудармашысы мамандықтары бойынша үздік бітірді. 1965-2002 жылдар аралығында Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарында оқытушылық, Қазақ республикасының Сыртқы істер министрлігінде Хаттама бөлімінің меңгерушісі, Жоғары және арнаулы орта білім министрінің көмекшісі, ҚР Қаржы министрлігі Сыртқы қатынастар бөлімінің бастығы, «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар орталығының жетекшісі, ҚР Құжаттану және мұрағат ісі бойынша ғылыми-техникалық ақпарат орталығының директоры қызметтерін атқарды. 2003 жылданың қаңтарынан бері ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтында бас ғылыми қызметкер. Көшім Лекерұлы республикада энциклопедиялық әдебиетті дайындап, басып шығарудың бастауында тұрып, оның беттерінде тарихи шындық тұрғысынан көрсету жолында үлкен күш-жігерін жұмсады. 13-томдық «Қазақ КСР энциклопедиясын», «Қазақстан КСР энциклопедиясын», «Қазақ КСР» қысқаша энциклопедиясын (4-томдық, қазақ және орыс тілдерінде), «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясын, «Философиялық сөздік» (А., 1995), «Чудеса» (А., 1991), «Кто есть кто в казахстанской науке» (1999), «Сакский воин» тәрізді басылымдарды дайындауға қатысты. Оның ғылыми-әдіснамалық жетекшілігімен «Қазақстан тарихы мен мәдениетінің ескерткіштері жинағы» (А., 1994) атты іргелі еңбегі жарық көрді. «Ақмола», «Батыс Қазақстан облысы», «Солтүстік Қазақстан облысы», және басқа да аймақтық энциклопедияларды дайындап шығаруға қосқан үлесі де қомақты. Ұзақ жылдар бойы еліміздің мұрағат мекемелерімен қоғамдық негізде қарым-қатынаста жүріп, тарихи дереккөздердің сақталуына және олардың толтырылуына көп көмек көрсетті. «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Ана тілі» және басқа да мерзімді баспасөз беттерінде «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын белсенді насихаттады. Тұңғыш редакторы ретінде «Қазақстан мұрағаттары» журналының қалыптасуы да оның есімімен тығыз байланысты. Көшім Лекерұлының ғылыми зерттеу қызметінің басым бағытын Қазақстан тарихының өзекті мәселелерін, атап айтқанда Қазақстан тарихының шетелдік тарихнамасын зерттеу болып, негізін қалаушы ретінде танылды. Ғалым ретінде отандық тарихты жаңа деректермен толықтыруға бағытталған жұмыстардың басында тұрды, ғылыми ізденістерінің мәйегі болған, көп жылдарын арнаған еңбегі – ірі саяси қайраткер Мұстафа Шоқайдың (1890-1941) өмірі мен қызметін зерттеу болды. Бұл тақырып бойынша көптеген ғылыми мақалалары, екі томдық «Мұстафа Шоқайдың эпистолярлық мұрасы» жинағы (2006), «Әлем таныған тұлға» монографиясы (2008 ж.), 2015 жылы түрік тіліне аударылып, «Отукен» (Стамбул) баспасынан жарық көрді. Көшім Лекерұлы 2012-2014 жылдар аралығында жүргізілген «Мұстафа Шоқайдың ғылыми мұрасы (1890-1941 жж.) және қазіргі заман (туылғанының 125-жылдығына арналған)» атты ғылыми-зерттеу жобасының бастамашысы, әрі негізгі орындаушысы ретінде зор қызмет атқарды. Нәтижесінде 12 томдық «Мұстафа Шоқай шығармаларының толық жинағы» жарық көрді. Көптомдықтың 1-томы М. Шоқайдың өмірі мен қызметіне арналған, 2-11 томдары – М. Шоқайдың қазақ, орыс, шағатай, түрік, француз, ағылшын, поляк, грузин тілдеріндегі еңбектерінен тұрады. 12 том – М. Шоқайдың эпистолярлық мұрасы. Әрбір томға кіріспе, ғылыми түсіндірме, факсимиле берілген. «Жинақ» отандық және шетелдік ғылыми қауым тарапынан жоғары бағаланып отыр, мәселен «Open Central Asia Magazine» (Лондон) журналының 2016 жылғы 23/3 санында (74-75 бб.) Кембридж Университетінің Орталық Азия форумының жетекші ғалымы, Профессор Ширин Акинердің «A Major Scholarly Achievement: Collection of the Complete Works of Mustafa Chokay, Compiled and Edited by Professor Koshim Yesmagambetov (Almaty, 2002-2014)» атты пікірі жарияланды. (Review by Dr Shirin Akiner, Senior Fellow, Cambridge Central Asia Forum, University of Cambridge). Көшім Лекерұлы 2015-2016 жж. «Халық тарих толқынында» бағдарламасы аясында «Мұстафа Шоқайдың (1890 –1941 жж.).) еңбектері тарихи дереккөз ретінде» атты ғылыми жобаның жетекшісі әрі негізгі орындаушысы болды. Ғылыми жобаны жүзеге асырудың нәтижесінде Қазақстан және басқа да Орталық Азия елдері тарихының өзекті мәселелері қарастырылған М. Шоқайдың түгелге жуық тұжырымдамалары анықталды. К.Л. Есмағамбетовтың осы бағыттағы зерттеулері оқырмандардың Алаш қозғалысы туралы түсінігін тереңдетті. Оның негізінде Республика жоғары оқу орындарының оқу бағдарламасына арнайы дәрістер әзірленіп, енгізілді, оқу құралы жазылды, ғылыми-теориялық конференциялар өткізілді. К.Л. Есмағамбетовтың жемісті ғылыми еңбегі Үкімет тарапынан елеусіз қалмай, көптеген жоғары дәрежеде бағаланып отырды: К. Л. Есмағамбетов «Ерен еңбегі үшін» (2007), «Астана – 10 жыл» (2008) медальдерімен және «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» (2008) белгісімен марапатталған. Көшім Лекерұлы өз мектебін қалыптастырған ұстаз, ғылыми жетекшілігінде 13 ғылым кандидаты, 9 ғылым докторы даярланды. Ол 31 кітап, 200-ден аса ғылыми мақала жариялады. Көшім Лекерұлының Қазақстан ғылымын дамытуға қосқан үлесі отандық тарихымыздың жарқын беттерінде бай мұра болып, келер ұрпақтың танымдық тұғырына айналары сөзсіз.

Тізімге оралу


Пікір қосу


 
*
Защита от автоматических сообщений